Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  148


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жалған жолы қай кезде тегістелер...

Жалған жолы қай кезде тегістелер,
Күн туар ма төрт жақты тегіс көрер?!
Әрбір үйге сұм қайғы соқпай кетпес,
Қанша қорғап жүрсе де періштелер.
Қабырғаңа түссе егер ауыртпалық,
Құдай оны берген жоқ алып барып.
Көп іс сенің өзіңе байланысты
Екендігі жатады анықталып.
Мына жалған алдамшы қызық, майдан,
Жазмыш жалғыз жол емес сызып қойған.
Түзу жолда адасып кеткендер бар,
Қайтып келе жатқанда қызып тойдан.
Басқа түспей ел мұңды түсіне ме?
Барлық істі Алланың ісі деме!
Абайласын алды-артын, ойлансын деп,
Ақыл берген сол Алла кісіге де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу