Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  113


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Мақтағанға басы айналып, мастанып...

Мақтағанға басы айналып, мастанып,
Қолындағы тізгіні де бос қалып,
Даңғырлаған тесік шелек секілді
Жатқандар бар күресінге тасталып.
Болса жолдың қысқасы мен ұзағы,
Кездеспей ме құрып қойған тұзағы.
Шайға қантты шамадан тыс қосқандай,
Тәтті сөз де жиі адамды бұзады.
Туған-туыс, дос-жарандар сыралғы
Қиындықтан аман өтіп, сыналды.
Кемшілікті көрсетті деп жауықпа,
Кісі болса бетіңе айтқан кінәңді.
Саналылар өз қатесін жөндейді,
Бір сүрінген жерге қайта келмейді.
Сырқат ішкен ащы дәрі секілді
Қатқыл сөз де кейде адамды емдейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу