Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.07.2022
89
Отырып тіршіліктің күймесіне...
Отырып тіршіліктің күймесіне,
Біреу мәз жалтылдаған түймесіне.
Біреу мәз сыртта жүріп құрмет көрсе,
Алмайды туып-өскен үйді есіне.
Қол созып қайта-қайта табағына,
Біреу мәз алдындағы тамағына.
Бай менен бағыланды қонақ қылып,
Салмайды, бірақ, көзін шамалыға.
Өткізіп сауықпенен кешті күнде,
Біреу мәз мақтау сөзді естігенге.
У-шудан, ашымалдан басы айналған
Адамға ажал жетпей ес кірер ме?!
Біреу мәз елді қойдай иіргенге,
Біреу мәз әлем-жәлем киінгенге.
Бабамыз: «Ер жігітті кебенектен
Таны» – деп айтса керек күйінгенде.
Фәниден татар дәмі аз қалғанда,
Он екі мүшесі әзер қозғалғанда,
Сөз қылып киген киім, ішкен асын,
Тірлікке таң қаламын мәз болғанға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter