Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  117


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Азуына сенген болса тістілер...

Азуына сенген болса тістілер,
Қанаттылар тырнағымыз күшті дер.
Домаланған кірпікшешен дұшпанын
Инесімен піскілер.
Тұяқтылар аяғына сенсе егер,
Мүйізділер басын қорғап теңселер.
Ал сен, адам, айтшы, кімге сенесің,
Күн туғанда жол шегер?
Ақыл, қайрат қатар біткен адамға
Жаратушы жар болады ғаламда.
Біреу миға, біреу күшке сенеді,
Сенсе біреу табанға.
Бұл жалғанда екі аяқпен тік тұрып,
Тістілер мен күштілерді ықтырып,
Адамдықтың шын сипатын ұқтырып,
Тіке жүру – мықтылық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу