Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  118


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ұлым-ау, кіріп тұр ма бүгін есің?

Ұлым-ау, кіріп тұр ма бүгін есің?
Шындыққа, қайда барсаң, жүгінесің.
Тұсауы кесілмеген жас баладай
Кей кезде тегіс жерде сүрінесің.
Үстіңді қағып-сілкіп, абыржисың,
Алақтап жан-жағыңа, кідіресің,
Жұбату айтса біреу ашып жаны,
Арқаңнан сипағандай семіресің.
Қапастан кең дүнияға шыққандайын,
Тұп-тұнық таза ауаны сіміресің,
Тексеріп болған істің ақ-қарасын,
Түбіне жүрегіңнің үңілесің.
Көргенде ата-анаңды арсалаңдап,
Сәбидей алға ұмтылып, жүгіресің,
Оң-солын әлі танып үлгермеген
Алданғыш жеткіншектей көрінесің.
Алдыңда бөгет болса – бөгелесің,
Амалсыз кері қарай шегінесің,
Жалғанда жаза баспас пенде бар ма,
Несібең Алла берген кемімесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу