Өлеңдер ✍️
Бісімілла-рахман-рахим!
Бісімілла-рахман-рахим!
Әуелі Алла тұрса сөз басында,
Сөзің де, зая кетпес көз жасың да.
Құранның сырлы үніне құлақ қойсаң,
Жүректе жатқан шерді қозғасын да.
Алланың кешірмейтін күнәсі жоқ,
Бірде бір қатесі жоқ өз басында.
Табаның тызылдасын басқандай шоқ,
Жатпайды қисық ағаш тез қасында,
Қара тас шаршағанда мамық болса,
Батады кейде тары жамбасыңа,
Жалғаны бұл дүнияның анық болса,
Шыққаннан пайда бар ма тау басына,
Пенде көп пәле қуған, Құдай ұрған,
Сақина тілеп алған сау басына,
Қолымен бар қылығын жасап алып,
Өкінген кейін барып аз ба, сірә?!
Ілгері қарай қадам баса алмайды,
Салғандай үйіп тасты арбасына,
Темірден түйін түйіп соқса-дағы,
Кім кепіл киген киім тозбасына,
Күтпеген мүлде қауіп жебір құрттың
Түбінен бәйтеректі қазбасына,
Айнаға қарағанмен не табасың,
Тарағын апарғандай таз басына.
Одан да назар салмай болмашыға,
Қызықпай біреулердің жорғасына,
Көз сүзбей әлдекімнің дорбасына,
Өмірдің сенсең болды жалғасына...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter