Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  103


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жүрек пен ми арасында

Жүрек пен ми арасында
Ерік бар,
Тері мен ет арасында
Желік бар,
Жүріп, тұрып, отыратын пенделер
Қасиетті Құдіретке кіріптар.
Құлақ пен көз құрал болса бақ сынар,
Екі аяқтың арасында
Нәпсі бар.
Ішсе, жесе – абай болып аузына,
Нәпсісіне тұсау салған жақсылар.
Кірпік пен қас арасында
Ғұмыр бар,
Ерін мен тіл арасында
Қыдыр бар.
Ағзаң түгел сау болмаса, ағайын,
Өкпе, бауыр арасында ірің бар.
Келер, кетер мал-мүлікті жиғандар,
Үш-ақ құлаш қазған көрге сиғандар.
«Әумин!» – деп қолыңды жай,
Тілек қыл,
Екі қолдың арасында
Иман бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу