Өлеңдер ✍️
Айдың нұрын сағынсақ, күннің көзін сағынсақ...
Айдың нұрын сағынсақ, күннің көзін сағынсақ,
Әр нәрсе өз орнында, оның аты әлімсақ.
Әлімсақтан сақталған ережені бұзуға,
Қағиданы сызуға біреулер жүр барын сап.
Суға жайып жылқыны, қырда өсірген балықты
Көзің жетіп көрдің бе көшіп-қонған халықты?!
Бас төменде, аяғың жоғарыда болса егер,
Өмір сүре алар ма ең тіршілікте қалыпты?
Қандай сезім ойнайды көтеріңкі кеудеде,
Кітап неге симайды ат шаптырым бөлмеге?
Табаныңды жылытар түгі қалың кілемді
Қоямыз-ау төрге іліп қойғандай-ақ көрмеге.
Қылымсыған бойжеткен бай жігітті «арқандап»,
Ажырасқан әйелдер қалтасы бар «шал» таңдап,
Суға кеткен тал қармап, басқа қонған шортан-бақ
Шабақтарды қылғытып, жемқорлар жүр талтаңдап.
Қатты керек алаңға жиылыпты көп сұйық,
Бойшаңдарды ысырып, мықыр отыр түксиіп,
Жылу керек жерде де, жарық керек жерде де
Майшам жатыр жантайып, сығырайып, сықсиып.
Астан-кестен төңірек, жер сілкінген секілді,
Аурудың емі жоқ, ел сергелдең секілді,
Көрген көзде жазық жоқ, айтқан тілде қазық жоқ,
Тек Жаратқан жар болып, қолдай көрсін ниетімді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter