Өлеңдер ✍️
Ұқпай қойдым...
Түсінгенмен бұл фәнидің жалғанын,
Таусылмайды мақсатым мен арманым.
«Үлкен ғой!» – деп амалсыздан қол жайдым,
Бата берсе арақ ішкен шалдарым.
Тілемеп ем өмірді де жайлы аса,
Жара қылды тәнді шаққан жай маса.
Көзді жұмып, көрмегенсіп отырдым,
Екі шеке бір қазанда қайнаса.
Шаруа болмай, іші пысқан кешқұрым,
Кемпірлердің өсегін де естідім.
Ессіздердің соңына ерген пенде көп,
Тілін алған адам аз ғой естінің.
Кебек қосып, сапырған сөз қырманын,
Татуы жоқ мылжың сөзін тыңдадым.
Қас талантын мойындатып шын дарын,
Әкесінен озса дедім ұлдарым.
Барлық істі жапырардай сайландым,
Байтал шауып бәйгі алғанда жай қалдым.
Қиқу қосып даңғаза мен дақпыртқа,
Той біткен соң, ел кеткен соң ойландым.
Таңдаған жол бұрылғанда теріске,
Басы айналып, жолдан тайды періште.
Бидайдан да артық болып шемішке,
Жауыздар мен жебір жетті жеңіске.
Тұз болды ма таза су деп ішкенім,
Мұз болды ма мөлдір су деп түскенім?
Толқыса да ерімей-ақ қойды ғой
Қатал қыста қатып қалған іште мұң.
Дәуір мынау қамсыз, қансыз, қатыбас,
Арзан еттің жілігі де татымас.
Жалғыз жеңнен шығып жатса он саусақ,
Бір жағадан шығып жатыр екі бас.
Екі ортада шайтан кіріп араға,
Есі кетіп қашқан жандай молаға,
Егіз туса қуанатын есіл ел,
Жалғыздарын тастап жатыр жағаға.
Болғанда да шапан жыртық, ат арық,
Жүргендер көп шоқты көсеп, от алып.
Ұқпай қойдым...
Шықпай қойды ойымнан
Заманда ма, адамда ма қаталық?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter