Өлеңдер ✍️
Мешітбай Сүгірұлының асында
Жаратқан Алла құдірет,
Расул алла Мұхамбет,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңқыстауда – пір Бекет,
Төле, Әйтеке, Қазыбек,
Барақ, Шоқай, Асаубай,
Жанұзақ пен Жәнібек,
Марал ишан, Мешітбай,
Балқожа мен Наурызбай,
Жүзінде иман ойнаған,
Ұрпақ қамын ойлаған
Көп тілегін қабыл ет!
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас,
Өткен күнді ұмытқан
Бүгінгіні танымас.
Жер көгерсе жауынмен,
Ел көгерген батамен,
Халқым қайта қауышты
Мешітбайдай атамен.
Батыр шыққан Сүгірден,
Ақын шыққан Сүгірден,
Әулие мен қажының
Аты шыққан Сүгірден,
Министрі, имамы
Бәрі шыққан Сүгірден,
Жалғастырған батагөй
Өткен күнді бүгінмен.
Дұрыс болар бұл жерге
Азын-аулақ кідірген.
Батаменен бақ дарып,
Жыры туған ақынның,
Шаңыраққа құт қонып,
Жолы болған батырдың.
Жөн білетін баламын,
Киесімен бабаның
Мен де бүгін сіздерге
Қонақ болып жатырмын.
Ашық болсын аспаным,
Ғашық болсын достарым,
Бәйтерек боп жас талың,
Өсе берсін бастарың,
Топтан озып жүлде алсын
Бәйгеге әкеп қосқаның,
Тойға ұласып тойларың,
Қабыл болсын астарың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter