Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  162


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Алланың нұры жаусын!

Екі дүния есігін ашып тұрған,
Ұлы ақынды Мағжандай ғашық қылған,
Жақсылардың көгеріп батасымен,
Жамандардың еңсесін басып тұрған,
Мың бес жүз бе, жоқ әлде екі мың ба?!
Мыңжылдыққа сәулесін шашып тұрған,
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алланың нұры жаусын!
Әзірет Сұлтан жазған ғазалың бар,
Салдырған Әмір Темір ғажабың бар,
Алаштың алтын туын аспандатқан
Хандар мен билер жатқан мазарың бар,
Солардың ізіне өскен шөп секілді,
Шөп алмас қой аузынан қазағым бар.
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алаштың бағы жансын!
Өзінсің көмек беріп қысылғанға,
Қыпшаққа кек қылышын ұсынған да,
Қыш қорған, құм төбелер куә емес пе,
Басыңнан бақыт құсын ұшырғанда,
Сансыз бап Түркі елінде басын қосып,
Астана болдың момын мұсылманға.
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алланың нұры жаусын!
Түркістан – дін мұсылман айтқан азан,
Түркістан – тарихтағы қалың тозаң,
Түркістан – қайнап тұрған жасыл базар,
Түркістан – қасиетті қара қазан.
Бір сүйсең Түркістанның топырағын,
Шер біткен шерменденің дертін жазар.
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алаштың бағы жансын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу