Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  202


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Түркістан мешітінде

Бісімілла-рахман-ир-рахим!
Жаратқанға шүкірлік,
Жасамайық күпірлік,
Бірі қырдан, бірі Сырдан,
Америка, Еуропадан,
Моңғолстан, Түркиядан,
Басын қосқан әр қиядан,
Бір мешітке сыйып тұрған,
Пенделіктен биік тұрған
Халқым, саған жаным құрбан!
Қанша рет жүзім кетілді,
Қайралып, қайта жетілді.
Қазақтың бүгін жұлдызы
Жарқырап жанған секілді.
«Береке басы – бірлік»,– деп,
«Жасасын жерде тірлік»,– деп,
Алладан тілек тілеймін,
Құбылаға беріп бетімді,
Жаратқан жалғыз Құдайым,
Қабыл қылсын ниетімді.
Қайталанбай азабым,
Ортаймасын қазаным.
Ат жалында ойнаған
Қартаймасын қазағым.
Жүрмесін ана аңырап,
Қалмасын қора қаңырап.
Жығылмасын туымыз,
Шайқалмасын шаңырақ.
Әумин !




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу