Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  100


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Алауыздық алмасы

Алматыда алауыздық алмасы
Жақсыларды жыққан дейді жарға осы.
Жеп алған соң ала қаптан алмасын
Дұшпан болып шыға келген жан досым.
Жиып алып алауыздық алмасын,
Толтырыпты жолаушының арбасын.
Енді біреу шарап жасап алмадан,
Сасытыпты құт дарыған қамбасын.
Сол шараптың дәмін татып алғасын,
Миың быршып, көңіл құстай самғасын.
Бір нәрсені әп-әдемі бастаған
Ертеңіне таба алмапты жалғасын.
Ішінде оның құрты болса – арға сын,
Алманы жеп алжып кеткен жолдасым.
Сырқаты да, емшісі де жемісті
Бірге жесе, дерттен қалай қорғасын?!
Асағандар алауыздық алмасын
Білсе-дағы бағы қайтып жанбасын,
Алма деген жемісті алып қойған соң,
Басқа жолды қалай ғана таңдасын?!
Алма, шіркін, қолдан қолға барғасын,
Тесіп шыққан қайыршының дорбасын.
Жолдан біреу тауып алып, олжа қып,
Деген болар: «Кейінгі ұрпақ сорласын!»
Қылғытқандар алауыздық алмасын
Енді келіп бірін бірі қарғасын.
Өзгелерді тепкенімен өзекке,
Білмейді ғой түбінде өзі оңбасын.
Байқап қара, қаққа бөліп, жарғасын,
Сырты жылтыр, түбі шикі болмасын,
Қатып-семіп жатып қалған кей алма
Оқ болуы мүмкін кейде қорғасын.
Қызыл алма дастарханға жайғасып,
Қызықтырар қалғандарды қарны ашып.
Құрт, бауырсақ – барлығы да ұмыт қап,
Бөбек алып, тіліне сап, сормасын.
Бұл заманда алауыздық алмасы
Жер шарының жарылмаған бомбасы.
Мыңбасылар қолды қалай басқарар,
Жүзбасыға қарсы шықса онбасы.
Келе алмаса бәйгеде озып жорғасы,
Қатарынан кейін қалса ұрғашы,
Барлығының татқан дәмі белгілі,
Оның аты – алауыздық алмасы.
Қорек болса алауыздық алмасы,
Ауызға алып, көрсеқызар болмашы.
Бір құмалақ қарын майды шірітер,
Өтінемін, қоржыныма салмашы.
Жиылып кеп алауыздық алмасы,
Толтырмай ма бұлақтардың арнасын.
Мұхиттарға асықпай ма содан соң,
Өзен-көлді әбден жайлап болғасын.
Адам ата, Хауа ананың жол басы,
Қыбырлаған тіршіліктің жалғасы,
Көкте, суда, жер бетінде, о, тоба,
Толып кеткен алауыздық алмасы.
Ала шайтан – алауыздық алмасы
Шын мәнінде – түсінбестік таңбасы.
Азғырады, аздырады адамды,
Қара жерге тигенінше жамбасы.
Барлық жерде алауыздық алмасы
Бар дегені шын мәнінде бар ма осы?!
Бақша өсіріп, жеміс жиған бағбан көп,
Жемістері таза болса, арман жоқ,
Құдіретті Алла, соған жар болшы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу