Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  115


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бітпейді екен тілегім

Не тілейсің десе егер достарым,
Көп қой менің, көп қой айтар тілегім.
Күнім жарық, ашық болсын аспаным,
Ел деп, жер деп соғып тұрсын жүрегім.
Көкірегін ашып жүрген жандарға,
Ту сыртынан оқ атпаса деймін мен.
Жалғыздықтан жапа шеккен жандарға,
Қасіретті жолатпаса деймін мен.
Соғып тұрса кеудемдегі жүрегім,
Бітпейді екен...
Бітпейді екен тілегім.
Еңбегінің оты жанған жандардың,
Бағын ешкім күндемесе деймін мен.
Бірін-бірі құлай сүйген жандардың,
Махаббаты кірлемесе деймін мен.
Қасиетті ата-баба дәстүрін,
Ешқашан да тат баспасын деймін мен.
Ақсақалдар ұмытпасын жас күнін,
Өмірмен тез қоштаспасын деймін мен.
Соғып тұрса кеудемдегі жүрегім,
Бітпейді екен...
Бітпейді екен тілегім.
Екі аяғым аман болса, жалғанды
Жалпағынан басып өтсем деймін мен.
Екі қолым аман болса, алғанды
Игілікке шашып өтсем деймін мен.
Екі көзім аман болса, жап-жарық
Жердің бетін көріп өтсем деймін мен.
Жақсылыққа таңдай қағып, таң қалып,
Жаратқанға сеніп өтсем деймін мен.
Соғып тұрса кеудемдегі жүрегім,
Бітпейді екен...
Бітпейді екен тілегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу