Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  90


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бірдей емес

Бір қалыптан шыққанымен әртүрлі
Жұмыртқаның ағы менен сарысы,
Жұмыс қылса байқалатын қарқыны,
Бірдей емес жасы менен кәрісі,
Бірге өссе де, қасиеті сан түрлі,
Шалқар көлдің қоғасы мен қамысы,
Бірдей емес табиғаттың тартуы,
Бірдей емес өзеннің де ағысы,
Бірдей емес найзағайдың жарқылы,
Бірдей емес домбыраның қағысы,
Бірдей емес шешендердің сөзі де,
Бірдей емес әр адамның әр ісі,
Бірдей болып көрінсе де көзіне,
Бірдей емес әрбір істің мәнісі,
Бірге жүрген жолаушының өзіне
Бірдей емес жақыны мен алысы,
Түсіп жүрген өмір-талқы тезіне,
Бірдей емес жігіттердің намысы,
Қуанса да, қайғырса да езіле,
Бірдей емес жүректердің соғысы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу