Өлеңдер ✍️
Жебірейіл мен пайғамбар
Пайғамбарым тұрған кезде дін аман,
Жебірейіл періште кеп сұраған.
Жебірейіл Мұхамбетті жебеген,
«Айтшы маған, Ислам деген не?» – деген.
«Алладан басқа тәңір жоқ,
Мұхамбет оның елшісі,
Құлшылық қылу Аллаға –
Мұсылманның белгісі.
Ислам деген сол!» – деген!
Жауап берсе: «Сақтай көр, – деп, – күнәдан»,
Осы жауап сұраушыға ұнаған.
Пайғамбарым тұрған кезде дін аман,
Жебірейіл тағы да одан сұраған.
Жебірейіл Мұхамбетті жебеген,
«Айтшы маған, Иман деген не?» – деген.
«Аллаға анық илансаң,
Құранның сөзін құп алсаң,
Қиямет күні келер деп,
Қабағың түсіп, қиналсаң,
Иман деген сол!» – деген!
Жауап берсе: «Сақтай көр, – деп, – күнәдан»,
Осы жауап сұраушыға ұнаған.
Пайғамбарым тұрған кезде дін аман,
Жебірейіл тағы сауал сұраған:
Жебірейіл Мұхамбетті жебеген,
«Айтшы маған, Илхам деген не?» – деген.
«Алланы бар деп білгенің,
Көрмей тұрып сенгенің,
Пенденің көрмей тұрғанын
Білесің оның көргенін.
Илхам деген сол!» – деген.
Жауап берсе: «Сақтай көр, – деп, – күнәдан»,
Осы жауап сұраушыға ұнаған.
Сол жауаптан сауап тапқан пендесі
Хақ мұсылман, нағыз мүсілім, шын адам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter