Өлеңдер ✍️
Ораза айында
Ораза айы.
Ауыз берік, құлақ жабық десем де,
Түсінбеймін, не боп жатыр,
не боп жатыр осы елде?!
Біреу күлді қопсытады көсеуге,
Біреу жалған қол соғады көсемге.
Құдайдан да пенделер жоқ қысылған,
Қойнына тас тығып алып өтті біреу тұсымнан.
Өңкей кекшіл болмай көпшіл, бір бірінен өш алып,
Қасқыр шапқан қойдай болып қырылуда мұсылман.
Қас қарая түнгі клуб есіктерін ашады,
Көлеңкелер қараңғылық қойнауына қашады.
Сатыр-сұтыр, тарсыл-гүрсіл,
жетіскендер жер тепкілеп, желігіп,
Шауып келе жатқан сынды қанішерлер жасағы.
Ауыр ойлар жанды жейді жегі құрттай мазалап,
«Арым – жаным садағасы» – дейтін бар ма азамат?!
Жейтін ауыз, естір құлақ, сөйлейтін тіл болған соң,
Қиын екен іш пен сыртты жүру күнде тазалап.
Мезгіл басқа, сағат шіркін сөйлегенмен бір тілде,
Жақсылықты аңсап жүрген, сорлы жүрек, бүлкілде!
«Бірі өлсін де, бірі қалсын!» – дейді біреу шарасыз,
Ауыз берік, құлақ жабық,
бірақ, көзді жұмып жүру мүмкін бе?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter