Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  92


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

САҒЫНЫШ

Найзағай наркескен жыр жалын атқан,
Алтын тәж ұсынғандай тағын аспан.
Отыз жыл осы қысқа ғұмырыңда,
Жұлдыз ба ең жыр-дария ағып өткен.
Жазады жақын да өлең, жат та өлеңді,
Көктемде көрсең аға Көктөбеңді.
Тырналар тырау салып тізбектеліп,
Төсіне туған жердің беттегенді.
Жүрекке жауһар жырмен жаққан жалын,
Көрдік қой өмірдің сан ақпандарын.
Су қылып мойынымды Мойнақ жақтан,
Ұшпайды өзің көрген қасқалдағың.
Төгілтіп толқын-толқын текті өлеңді,
Сан ақын сырлы әлемге беттеген-ді.
Қарт Каспий, ару Жайық шырқап жатыр,
Шәмші мен өзің салған ертегі әнді.
Сан дауыл сапырғандай даланы өктем,
Қазына қойнау толы ғаламат кең.
Өзіңе тым төменнен қарағандар,
Өздері парт билетін талақ еткен.
Жырларың дүр-жауһар жанып тұрған,
Ескендей ерке самал алып қырдан.
Аңқылдап адуын жыр ақпа-төкпе,
Көздерің көркем бейне қорықтырған.
Жырыңды жоғалтпайды жаттап өрен,
Көрсең ғой қазір келіп шаттанар ең.
Көгіне Қазақстан самғап кетті,
Қанатын Қоңыраттан қаққан өлең.
Тағдыр-ай, ұзақ ғұмыр қимағандай,
Санамды сағыныштар қинағандай.
Сексенде селкілдетіп кейбір жанды,
Ал сізге елу жасты қимағандай.
Тұлғасы Төлеген боп от өнердің,
Сен жайлы сыр толғасам жетелер мұң.
Сағыныш қылын шертіп жырларыңда,
Өзің де сағыныш боп кете бердің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу