Өлеңдер ✍️
СОҒЫС ЖЫЛҒЫ ӘН
Заманалар заманаға үн қатса,
Ғасыр жыры ғасырларға тыңдатса.
Әндері де қырқыншы жылдардың,
Байқайсың ба, байқайсың ба мұңды аса
Қара бұлттар түйдектеліп көшетін,
Қара қайғы маздаған от өшетін.
Қара қағаз шаңырақты шайқалтып,
Қара боран суық лебін есетін.
Сойқан соғыс сұрапылды шақтағы,
Кеткен-неткен азаматтар аттанып.
Қимас күнмен қиылып бір қоштасқан,
Арулардың жанарынан жас тамып.
Сезімі мен сағынышын от өріп,
Үміт - шырақ үзілмеген жетелеп.
Айналайын абзал жанды әйелдер,
Қайыспаған ердің жүгін көтеріп.
Қаралы ару қара шәлі жамылып,
Қалбақ қаққан қара қағаз ағылып.
Қара шашты боз қырауға боятқан,
Дархан әлем жесірлердің зарын ұқ.
Анам марқұм кейде үнсіз отырып,
Ғазиз жүзге сағынышты толтырып.
Сыбызғыдай сызылған бір үнменен,
Мұңды әуенді бастайтұғын бір тұнық.
Төзімдер-ай үміт қылын үзбеген,
Ұрпағымыз майдангердің біз деген.
Қайран менің нағашы әжем дариғай!..
Жалғыз ұлын ғұмыр бойы іздеген.
Атомдардың ғасырында ғаламат,
Ей, азамзат, ел тағдыры аманат!
Қилы заман жараланған жұмыр жер,
Жаса енді, жаса мәңгі саламат.
Өтті кезең оралмасқа сан қилы,
Шадыманды бақыт оты балқиды.
Соғыс жылғы ән естілсе үздігіп,
Сол қайғыдан жан жүрегім шаншиды.
Элементтер шатынаған от қарып,
Зарядтар өз міндетін атқарып,
Жатқан кезде бір ессіздің қолынан,
Кетпесінші бір нүктеге от тамып.
Талай-талай тал шыбықтар енеді,
Ерке сәуле, жұпар самал өбеді.
Әже болды соғыс жылғы сәби қыз,
Соғыс жылғы ән бір қартаймай келеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter