Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  131


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Тулаған толқын ағыс тума мұнда...

Тулаған толқын ағыс тума мұнда,
Жүзесің желқайықпен жыр ағынға.
Сүгір мен Бүркітбайдан тәлім алған,
Рейім сазы қалды құлағымда.
Күмбірлеп кеудең толар күміс үнге,
Салғанда Ізбасар жыр, Күріш әнге.
Арындап ақберен жыр Амандықтан,
Елдостың елге мәлім тынысы әнде.
Көшкендей көз алдымнан киік-керуен,
Көрінер тарлан талант биіктерден.
Осынау дархан дарын дүлдүлдерін,
Тәңірім бұл өлкеге қиып берген.
Азаттық аңсағанда арайлы ақ таң,
Етпессің ер ұланды қалай мақтан.
Бастырмай кеуделерін келімсекке,
Атойлап тамырында қан ойнатқан.
Маңғыстау бақ дарыған далаң дастан,
Ұлдарың жаралғандай ақ алмастан.
Желтоқсан жалынынан ұшқын алып,
Жастары Жаңаөзеннің алау жаққан.
Сырларын тыңдамассың тамсанбастан,
Жырлары жаухар тектес өңшең дастан.
Сан сүлей шежіреңді шертсе-дағы,
Кетердей сені толғап тауса алмастан.
Дауылды дамылдатқан дара ағыспен,
Сақталған сайыпқыран сан ағыстан.
Маңғыстау ұлан-ғайыр ұлыс елім,
Құрамдас бір бөлігі Қазақстан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу