Өлеңдер ✍️
ТОЙҒА ТІЛЕК
Өмір-теңіз өр күндер тайталасып,
Шымылдығын шаттықтың шайқап ашып.
Қос аққудай қосылды жас жұбайлар,
Ақ отаудың түндігін айқара ашып.
Ақ ниетпен босаға аттағасын,
Жанұядан жаныңа бақ табасың.
Инабат пен ізетті сақтар болсаң,
Қарындасқа үлгі боп жатталасың.
Өлең сөзді өрнектеп сыналайын,
Қуанышқа кенеліп жүр ағайын.
Ақмаралын қондырған тұғырына,
Құтты болсын келінің құдағайым.
Бұл шаңырақ ақ ордаң отауыңда,
Келін болып түскен соң осы ауылға.
Бақытыңды баянды берік қылсын,
Құдабала Ерболат қосағыңда.
Сыйлар болсаң енеңді,от анасын,
Жақсы келін еліңе атанасың.
Инабаттың үйреніп иірімдерін,
Қазыналы қарттардан бата аласың.
Ене-келін етене сыр ақтарып,
Мұратты анық табатын қуат дарып.
Болашақтың сапарын бірге басып,
Қосағыңмен бақытқа жүр аттанып.
Көмекейден төгілтіп дастан ағын,
Тарқамасын тойларың аспара күн.
Қоңыраулы тербетіп алтын бесік,
Шаттық үні тербесін жас баланың.
Армандардың аялаң гүл алаңын,
Қанып ішкін бақыттың тұмаларын.
Қос аққудай қосылған екі жасқа,
Ақ тілегін арнайды құдаларың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter