Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  145


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Жалындап жанған жастық шағымның...

Жалындап жанған жастық шағымның,
Жалғанда білдім өнбесін.
Естеліктердің елесін сақтап,
Көтеріп келем көнбесін.
Жүрегі жауһар арманға толы,
Шырақ боп жанған бала шақ.
Жаныңа құяр жап-жарық нұрын,
Ғажайып көркем болашақ.
Тұп-тұнық түннің тұнбасын ішіп,
Тылысымын тыңдап тынықтым.
Жасынға жанып шақпағын жаққан,
Жанардан ұшқан нұр ұшқын.
Қуаныш,қайғым,аңсарым,мұңым,
Жанымда тұнған мөлдіреп.
Жастықтың жайсаң жамалын аңсап,
Сағынып кетем елжіреп.
Өткен күндердің елесін сақтап,
Кемесін мініп тербелем.
Қиял құсымсың қияға самғар,
Шыңдарға шырқау өрлеген.
Лапылдап жанған кеудемді кернеп,
Арманшыл кездер от па екен.
Арайлы шақты аңсаумен жүрмін,
Асылын кімдер тапты екен.
Заңғарға өрлеп шаттығым шалқар,
Жүректе қойма қатталған.
Дәуірдің дүлдүл архиві кеудем,
Ақжарма күйін ақтарған.
Төзіммен тыңдап,сезіммен сырлап,
Өлеңмен өсем шоқтанған.
Самалдың назын,даламның сазын,
Жырлаймын бір сәт тоқталман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу