Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  124


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Араб сөздері

Арқалы ақын Нұржанның «Несе фасыл, неше бап» деп
басталатын термесі бар. Осындағы фасыл сөзі араб тілінде бөлім
деген мағынаны білдіреді екен. Ал қайыр (игілік), ынсап (әділдік),
ықылас (адалдық), кәззап (өтірікш), мақұрым (құр қалған,
айырылған), ғашық(ынтық болу) мәжнүн (есі ауысу) секілді сөздер
де қазақ тіліне араб тілінен енген, бірақ қазір құлағымызға әбден
сіңісті болып кеткен. Тарих,тәрбие,тәуба,тәжірибе, қалам,
сандық, зұлым, шипа, мүлік, мәрмар, шам, шайтан секілді сөздер де
қазақтың төл сөздеріндей жағымды естіледі. Қазақ тілімен біте
қайнасып кеткен сөздер қатарына ылажды да жатқызуға болады.
Ылаж ем деген сөз екен. Қазақ шарасы таусылғанда ылажым жоқ
дегені мұның емі жоқ дегені ғой. Жиі айтылатын шүкір сөзі араб
тілінде рахмет болып шығады. Яғни, шүкір дегеніміз - Аллаға
рахмет деген мазмұнға сәйкес келеді. Араб тіліндегі шәк, шүбә
сөздері қазақша күмән, күдік дегенді білдіріп, қазір осы сөздердің
синониміне айналып кеткен. Фатиха сөзі арапша сөз басы, кіріспе
деген ұғымды білдірсе, біз оны көбінесе бата, тілек мағынасында
қолданамыз. Құранның алғашқы сүресі де Фатиха деп аталатыны
белгілі. Мүсәпір сөзі арабша қонақ, жолаушы болса, қазақта да
ертеде солай болған. «Үйден қырық адым шықсаң мүсәпірсің» деген
сөздер сол кезде туған. Бірақ, көп жерде қазіргі уақытта осы сөз
кері мағынасында, бишара сөзінің баламасы ретінде қолданылып
жұр.
Араб тіліндегі кісі есімдері де қазақ арасында көп тараған.
Пайғамбарлар есімдерін былай қойғанда (Мұхамбет, Дәуіт, Мұса,
Иса, Ибраһим, т.б) Мұхтар – құрметті, таңдаулы, сыйлы дегенді
білдірсе, Сәлім – аман-сау дегенге саяды. Қамар деген қыз есімі ай
деп аударылады. Сұлтанмахмұттың Қамар-сұлуы қазақтың
Айсұлу есіміне ұқсас.
Арабтар бізге Ислам дінін ғана емес, өзінің тілін де әкелгені
анық. Алайда, араб сөздерін ауызекі тілде бұлжытпай сол қалпында
айтамын деу әурешілік. Құран сөздерін ғана өзгертпей айтқан жөн.
Ал басқа кірме сөздер қазақ тілінің естілу және жазылу
заңдылығына сүйенуі керек деп ойлаймын.



Ботқа жеген адамдай батыстырып,
Көрсетеді кейбіреу оқыс қылық.
Алла деген ауызға келген сөзді
Имамдар жүр Аллаһ деп шатыстырып.
Алланы айтсақ көңілге қайғы аларда,
Құлшылығың тірлікте жай қалар ма?
Құлаққа да жағымды Құдай атын
Тамақ қырнап айтқаннан пайда бар ма?!
Өзге тілді білмесек қысылғанбыз,
Сөзді неге бастаймыз ұшынан біз?
Алла деп Абай да айтқан, талай да айтқан,
Араб емес, қазақпыз, мұсылманбыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу