Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  280


Автор: Шабаз Иманалиев

ХАМАҢА

Өзгеден озып шыққан дара шыңым,
Жер шарын сыйғызған ғой қарашығың.
Жетпістің асуына шыққан күнің –
Тойы ғой бүкіл қазақ баласының.
Хабар ап отырасың ғарыштардан,
Қайысқан сеніменен алысқан жан.
Оқ бойы алда зулап бара жатқан
Ағасың тұлпар тұяқ, арыстан жал.
Аз емес өткен өрің, асқан қырың,
Аз емес шыққан биік, басқан шыңың.
Тұтас бір Атырау боп толқып жатыр,
Өмірге сен әкелген дастан, жырың.
Аспандап әлі талай жырың ұшсын,
Алдағы сан ұрпақтың ұлы құшсын.
Қазаққа өлең болып туа салған
Хама-аға, қайталанбас құбылыссың.
Биіксің, қол жетпейтін шынар өрсің,
Бүгінгі өлеңдегі Құлагерсің.
Жалыны жүрегіңнің лапылдаған
Жарқырап мәңгілікке тұра берсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу