Өлеңдер ✍️
Тентек едім, тентек едім мен өзім де...
Тентек едім, тентек едім мен өзім де,
От жатқан, өлең жатқан көкірегімде.
Аттыға жол, жаяуға сыр бермегем,
Кезексіз де, әрине, кезегімде.
«Есті тентек» дегенге есірмедім,
Ақ Жайықтай – ақ толқын есілмедім.
Ессіздерді тайраңдап, теріс жүрген
«Бастық-ау» деп ешқашан кешірмедім.
Жаныма ақау түссе – көсілмедім,
Ақ жібектей сусылдап шешілмедім.
Жалпы жұртқа сыр айтып жарымадым,
Өз есімде қалады есімдегім.
Арамдыққа ар кешіп бара алмадым,
Арсыздардан есемді ала алмадым.
Ала жіпті аттамай жүріп келем,
Өмірімде жолдас боп ақ арманым.
Өрлігімді біледі бар айналам,
Мәрттігімді біледі маңайлаған.
Қара ниет жандарды бірден сезем,
Өзі түсіп тұрады шарайнама.
Алты қырдан танимын жалғандықты,
Толмай жүріп көпіршіп, толғандықты.
Адал жүріп, зұлымды еңсерем деп,
Болады-ау, шіркін, ғазиз жүрек дертті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter