Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.07.2022
132
ЖАЙЫҚ
Жайығым, жарқын өзенім,
Жарқылдай күліп ағасың.
Жаныммен әркез сеземін,
Өзіңнен жайлы жарасым.
Ойнасам шалқып төсіңде,
Шаттығым қанша бір менің.
Кей сәтте бірақ есіме
Түседі көне күндерің.
Махамбетше күн қатып,
Шамырқанып ақтың ба?!
Бірде еріп, бір қатып,
Жүйрігін тағалаттың ба?!
Жарқ етіп алмас қылыштай,
Шаптың ба жауын батырдың?!
Бақыттың құсы бір ұшпай,
Жыладың ба екен ақырын?!
Жағаңды қызыл ту алып,
Ғажайып таң атқанда
Толқыдың ба қуанып,
Ақ Жайық, бақыт тапқанда?!
Мінеки, қазір көз ілмей,
Жайраңдап қана ағасың.
Кәдімгі біздің өмірдей,
Асығып алға барасың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter