Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  119


Автор: Шабаз Иманалиев

ДАЛА СЫРЫ

Көкжиек жерге үңіліп,
Көңілді бүгін төңірек.
Бұлтсыз аспан түріліп,
Керілді дала кеңірек.
Сұлудай дала назданып,
Тартады жігіт жанарын.
Сағымы сәнді қозғалып,
Самалы тербеп көгалын.
Жатырсың көркем кең дала,
Куәсі талай ғасырдың.
Қыратың тұр ой сала –
Дулығасы батырдың.
Ерлердің ісі арнаған,
Емес саған ескірер.
Қапаста жүріп зарлаған,
Есіме түсті ескілер.
Исатай мінген Ақтабан,
Төріңде ойнақ салған-ды.
Елі үшін тыным таппаған
Өткен-ді батыр арманды.
Махамбет жортқан жоныңда,
Жолдасы болып қайғы-шер.
Отты күрес жолында
Алқызыл қанын жұтып жер.
Ұры кезіп салаңды,
Құлқынын қара ойлаған.
Өлтіріп адал балаңды,
Жендеттер ғана тойлаған.
Достығы бекіп қалайда,
Сұмдық пен азап жымдасқан.
Ардагер ұлың Абай да
Қайғыменен мұңдасқан.
Құрақ бітіп жағалай,
Бұралып аққан өзеннен.
Сусындап шаруа қана алмай,
Шөлдегенін сезем мен.
«Көп асқанға – бір тосқан»,
(Халық сөзі рас-ты!)
Жылдар жерің ел босқан
Ұлы күнмен алмасты.
Сондықтан да жайнайсың,
Сырыңды, дала, білемін.
Жас иең сені жайлайтын,
Қосылып бірге күлемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу