Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  963


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЕЛІМ МЕНІҢ

Қазақстан – менің туған анамсың.
Өзгеде жоқ, өзімде бар даламсың.
Кеңдігіңмен, молдығыңмен момақан.
Ақыл, сабыр үлестірген данамсың.
Тарих маған талай-талай соғар деп,
Жатқандайсың асықпасам болар деп,
Бақыт өзі менде туған құс еді.
Күнде менің басыма кеп қонар деп.
Қазақстан-ғажапстан, жер дүлдүл,
Болашаққа самғат ұшқан сен бір жыр.
Ол таусылмас, ол сарқылмас өзіңдей,
Оны талай өтер жырлап ер бұлбұл.
Елім менің, атыңды атап ер жеттім,
Ақ сүт беріп, əлдиіңмен тербеттің,
Тербеттің де, құдіретті сөз беріп,
Тек өзіңе тең биіктен сөйлеттің.
Сəл жасқанып, сəл қорынып шегінсем,
Шапалақпен өзің тартар едің сен,
Қолтығымда сенің қолың тұрғаны
Шаршы топта шаншыла бір көрінсем.
Қазақстан деген жалғыз сөзбенен,
Салмақтырақ тарта берем өзгеден.
Ең шетіңе қойып қойған белгіңдей.
Жолаушыға сені іздеген кез келем.
Кез келем де, ала кетем далаңмен,
Өзім білген бар күйіммен, бар əнмен.
Сені жырлап таныстырам жолшыбай,
Тастап кетер тартпай тусам саған мен.
Жарқын жылдар хиқаясын шертем мен,
Зымыратып мынау ғажап өлкеммен,
Бір тарауын кеш те зорға тауысып,
Келесісін бастар болам ертеңмен.
Бастаймын да бал қымыздан сəскелік,
Ақ жүректен, ару қолдан ас беріп,
Аралатам алтын айдар қаланы
Сап тастаған нелер мəрмəр тасты өріп.
Бір кездегі жетім дала, бос мекен,
Жерімнен мен жеті жұмақ көрсетем.
Жолаушыма дегізбесем маған серт –
Бар өмірім осында өтер болса екен!
Соның бəрін көрсеттірген өзіңсің,
Ғажаптармен жол шектірген өзіңсің.
Қазақстан, менің Қазақстаным,
Сөзімсің де жұртқа қатар, көзімсің!
Жарқыра сен жарты ғасыр жасында
Біз тұрамыз ғасырлардан ғасырға.
Көк белдеулі оттай қызыл ту ұстап,
Қазақстан деген сөздің қасында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Айзере
Айзере 08.01.2024 13:36
Керемет маған керек еді рахмет

Пікір жазу