Өлеңдер ✍️
ТАҒЫ ДА ƏЛИЯҒА
Төртінші немеремсің – көзіңді ашқан,
Көргенің аппақ дүние – жер мен аспан.
Содан соң Адам аты тіршіліктен
Алғашқы анаң болды амандасқан.
Сен – сəби ештеңеден хабарың жоқ,
Өмірге келмесіңе амалың жоқ,
Келген соң, бəріне де шалықтайсың,
Сен үшін баршылықтың жаманы жоқ.
Шіркін-ай, мен де сендей болар ма едім,
Бəріне сəби саусақ созар ма едім,
Бəріне сеніп келдім мен де сендей,
Əйтпесе, бұл бекетке соғар ма едім!
Тілегім – сенде менің болса қаным,
Келеді болашағың болжағаным,
Тартпа сен, өзге менің ұрпағыма
Ойлайтын тіршілікте олжа жанын.
Тартпа сен, не əжеңе, не атаңа,
Мейлі, түн келе ме, таң ата ма,
Олар да жаман болған кісі емес қой,
Жолыққан сан жақсы мен сан алқаға.
Əйткенмен, жақсыдан көп кіл жаманнан
Олардың көңілдері кірлеген жан.
Тіпті де олар түгіл, əкең, анаң,
Жақсыны ажыратуды білмей қалған.
Сен маған өзім білмес шебердейсің,
Берместі жұрт бермеген берердейсің.
Сондықтан мен сенімен сырласамын,
Сендей-ақ көрер жұмақ, көрер бейішім.
Дариға, не ойламайды кəрі арыстан,
Тірлікте ұсақтармен жаны алысқан,
Қашанда көрінетін əдеті ғой
Өзінен өрбігеннің бəрі данышпан.
Тартқайсың жаны жомарт, пейілі кең,
Қуантқан серуені, сейілімен,
Атаңа, жақсы қазақ ақынына –
Қадірін қайран елі кейін білген.
Тартқайсың жақсы əжеңе Бəдеш деген,
Ол жаққан от-шырақтың бəрі өшпеген,
Ер түгіл есекке де үйіне келсе,
Еркеле, етігің шеш: «Дəм іш!» – деген.
Тартқайсың қадірлінің бəріне сен,
Тартқайсың шырқап салған əніме сен,
Түбінде өзімді өзім сағынғанда,
Сенімен, тек сенімен əңгімелесем.
Көп жаса, туған, келген күнің құтты,
Сол үшін жинап едім бүгін жұртты,
Сен менің кіп-кішкентай болшы күнім,
Төбемнен көшіретін қалың бұлтты!
Мəселе – үлкенде емес, кішіде емес,
Мəселе – тағдырдың да күшінде емес,
Мəселе – адамзаттың көңілінде
Біреуді кісі, біреуді кісі демес.
Түгендер пенде болмас армандарын,
Үйімде кіп-кішкентай жанған жалын –
Дүниеде елестетіп жүрсең болды,
Атаңның ақ денеңе тамған қанын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter