Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  76


Автор: Ғафу Қайырбеков

СЕЙДАХМЕТКЕ

«Қалың қазақ ішінде
Жомарт еді Сейдешің,
Өзім деген кісіге
Шешіп берер жейдесін!».
Сырты қара, іші ақ,
Қоян ішік секілді.
Қыста кисең ыстық-ақ,
Балқытады етіңді.
Бауырыңды жібітіп,
Бал мен жеміс жегізген.
«Маңдай алды жігіттің –
Осы нағыз» дегізген.
Кеше көрген туысың,
Бүгін тапқан жолдасың.
Іс істемес күні үшін,
Өзі мықты болғансын.
Бақ дəметіп, шен сұрап,
Жерлестігін сатпаған.
Көзден жасы тамшылай
Көмек сұрап жатпаған.
Жар саулығын тілеген,
Ар саулығын сұраған,
Аруақ өзі сүйеген,
Аллаң өзі құраған.
Жүдеу тартқан шағында
Қыдыр кетпей маңынан.
Қайта түсіп бабына,
Қайта дəулет дарыған.
Атақты Медеу – бай жомарт,
Адамзаттың асылы.
Туған соны қайталап,
Сейдахмет нəсілі.
Текті атаның баласы
Тартпай қоймас нəсілге.
Асып толса қанасы
Айналатын теңізге.
Мың қойыңның ішінде
Ақ мүйізді бір қошқар,
Хан келсе де кішірмей,
Қамшы тастап, сөз бастар.
Арғы атасы – Қасқарау,
Бергі атасы – Қарасай,
Белде күміс таспа-бау,
Өңіріне жаға сай.
Емен садақ өңгерген,
Еңсесінде ақ сауыт.
Асу-асу жол көрген,
Асау жауға көп шауып.
Айта берсең, жетпейсің,
Ердің арғы түбіне.
Бір айналмай кетпейсің
Құт құйылған күбіге.
Сол Сейдешің келіпті
Міне бүгін алпысқа,
Нені көрді, нені ұқты
Өмір деген тартыста?
Соны айтайын деді ме,
Қаптап келген еліне,
Елін баққан еріне
Ер туғызған жеріне.
Ия, тыңдайық, тыңдайық,
Сөйлесін, дос, сөйлесін,
Көп жасасын халайық,
Қара бала, қара шал,
Қара тұлпар Сейдешің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу