Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  166


Автор: Ғафу Қайырбеков

ІЛИЯС ОМАРОВ

Қанша мадақ, асыл сөз, алтын өлең
Айтар едім ақындық салтыменен.
Айтар едім шабытты шарқ ұрумен,
Кеудемдегі найзағай жарқылымен.
Қорқам бірақ, қор қылып алам ба деп,
Жеткізе алмай босқа əлек болам ба деп,
Сонау биік қызметін Ілекеңнің
Халқына деп, атқарған қоғамға деп.
Кең жаратқан тəңірім даласындай,
Көңілі мол көл-дария шарасындай,
Бір көргенде бауырына басушы еді-ау
Үлкенсімей немесе баласынбай.
Бір көргенде шұғыласын жайып саған,
Сала берген ақылың, байып санаң,
Сəлемі үшін атыңды түсіп беруге,
О, дариға, сол еді лайықты адам!
Қашан, қайда болмасын жолы жарық,
Тараушы еді алдынан толы халық.
Бақытты боп шығатын талай қазақ
Есендесіп бір кетсе қолын алып.
Қиын заман байлады қолын əттең,
Іс істетпей ақылы, ойына тең,
Адам еді жоғыңды бар қылатын,
Шебер еді жартыны бүтін еткен.
Мына күнде керек-ақ адам еді,
Ел тұрғанда жыртылып жаға-жеңі,
Жалғыз өзі – асқар тау, панаң еді,
Арқаң еді сүйенсең, ағаң еді.
Адамдарды азбаған сондай алтын,
Сағынғанның айыбы жоқ қой, халқым!
Өзі түгіл, сөйлеген даусынан да
Лебі есетін даланың қоңыр салқын.
Орыс, қытай, ағылшын, неміс, түрік
Заманында сыйлаған тегіс тұрып,
«Қазақ екен мынау да!» деген бəрі, –
«Құдай асықпай жаратқан келістіріп!»
Адам аз ба кісіге мəз оты жоқ,
Жақсылықсыз, жағымсыз əдеті көп.
Ілекеңдей жайсаңдар келіп кетпесе,
Дүниені дүние деп қажеті жоқ!
Заман заңы – жылдардан жыл өседі,
Зулай-зулай ұлғаяр күн есебі,
Сенемін мен, Ілияс Омаровтың
Рухы да қазақ үшін күреседі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу