Өлеңдер ✍️
КӨК БАЙРАҚ
Көк Байрақ! Тудың ба сен, Ту болдың ба?!
Желбіре тас төбемде, тура алдымда.
Көтерген алтын арай күн күмбезін
Қанаты қандай мықты қыранның да!
Кім білер көк қадірін сұңқар білмей,
Кім білер жер қадірін тұлпар білмей,
Кім білер жол қадірін ұлтан білмей,
Кім білер ел қадірін сұлтан білмей.
Бəрі де тұр жазулы сенде, Байрақ!
Дəл кəзір желбіреген желмен ойнап,
Үстінде Ақ Орданың жалғыз жалау,
Аспанның елшісіндей келген жайнап.
Мəңгілік азат елдің сен белгісі,
Мемлекет мерейінің сенген күші.
«Жасасын еркін қазақ!» – деп шаттанар,
Шалқалап сол биіктен көрген кісі.
Шарықта, шарла көкті, көк байрағым,
Арманым, Азаттығым, көпке айғағым.
Мен сенің салтанатты сағатыңа
Өлеңнен алтын шашақ шоқ байладым.
Қашаннан жалау құмар ақын жаны,
Айналып сені құстай шарқ ұрады.
Қашанда көк жолында, көз ұшында
Ақынның, ақиықтардың бар тұрағы!
Ал самға, əлем кезіп, əн ұраным!
Қалықта, ел таңбасы – шаңырағым.
Көк Байрақ, көгерт менің көсегемді,
Аспандат Атам қазақ Аруағын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter