Аңыздар ✍️

  11.07.2022
  144


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҚКӨЛ АҢЫЗЫ

Ассалаумағалайкум, Əулие Ақкөл,
Кел, кəне, созысайық қолыңды əкел,
Торғайдың бөлек жатқан бүйрегіндей
Жер едің жолың да төр, жоның да төр.
Бойласам тарихыңа кетем жырақ,
Ежелден мекен едің алтын тұрақ,
Сабадай сахараға біткен жалғыз
Қандырып ердің шөлін, сен жарқырап.
Шырақтай жатушы едің сөнбестей-ақ,
Сұраса, аллаға да берместей-ақ.
Өзіңнен бір пайғамбар туып еді,
Еш адам жерін айтса, сенбестей-ақ.
Кісі еді бүкіл ұлтқа құны жеткен,
Қатесіз айыратын мұны көптен,
Бір ғана балаға емес, бар халыққа
Жан еді-ау əкесіндей тіл үйреткен.
Үйрендік осы күні атын айтпай,
Ол қалды жолы алыста, үйге қайтпай,
Ақкөлім атын атап күнде соның,
Шақырып сен жатырсың дамыл таппай.
Білгенге жер – əулие, су – əулие,
Кімге опа берер дейсің бұл дүние.
Аққудың «аха-аха»-лаған даусынан
Оянам, оралғандай əкем үйіне.
Қой енді мен қайтайын мына күнге,
Сен жайлы сыр айтайын, сірə, кімге,
Ескі мен жаңасына бұл өлкенің
Қашаннан қайран Ақкөл куəмін, – де.
Ақкөл, ризамын өзім саған,
Барлықтың, батырлықтың көзін салған,
Ескі ата, жап-жаңа ұрпақ бəрі дағы
Келіп тұр сеніменен сөйлесуге жер-жиһаннан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу