Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  112


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қаулымен «Халық ұлы» болмас адам...

Қаулымен «Халық ұлы» болмас адам,
Ерлерің ел бастаған, жол бастаған.
Билерін ой бастаған, сөз бастаған,
Ол атты дəметпеген о баста ағаң.
Көбейді «халық артист», «халық ақын»,
Естіген атынан да жаңылатын,
Қажет пе «халық» деген сөзбен ойнау,
Тоңғанда, тон секілді жамылатын.
Батырлар мың сан қолдың алдын тосқан,
Əншілер аққуменен даусын қосқан.
Ақындар елдің асқар биігінен
Ағатын ақ бұлақтай таусылмастан. –
Бəрі де ел есінде қалып қойған,
Атаған есімдерін жалықпай жан.
Біз көрдік «кереметті» дүзге шықпай,
Оп-оңай үйде жатып «халық» болған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу