Өлеңдер ✍️
АСПАН ҚАДІРІ
Көк күмбез, айналайын, аспан сенен,
Мен саған жастан сүйіп, жастан сенем,
Биікте не шаруам бар сен болмасаң,
Қаншама жердің бетін басқанменен.
Басыңды көтеруге аспан керек,
Табиғат құмнан өзге, тастап бөлек.
Бəрі де ұмтылады көкке қарай
Өсуге дəметкендей достан көмек.
Мақтандық, «жақындаттық көкті біз» деп,
Қашанғы таза орыннан боқтық іздеп,
Шимайлап, тесіп, ұңғып, тінтіп, бұзып,
Шірендік бүлдіргенге «мықтымыз» деп.
Кешір сен, көне түрік көк тəңірісі,
Біз болдық нағыз аруақ соққан кісі.
Айналды қайран аспан қазан түпке,
Арылмас ыс пен түтін, оттан іші.
Солқылдап, жер өкпесі қабынғанда,
Ауаны жалғыз жұтым сағынғанда,
Жалынып көк аспанға қараушы еді,
Тəубе ғып жан ашыры табылғанда.
Сол еді жерге жалғыз болысатын,
Қаншама алғанымен алыс атын,
Жер, суды жалмап, жұтып болғаннан соң,
Аспанмен кезек келді алысатын.
Не керек, айтып-айтпай өкініштен
Біз болдық өкпесін жеп, өтін ішкен.
Айқайлап, «аспан асты кең» деп жүріп,
Дем алып, тыныс табар жер түгескен.
Белгісі Жаһан жайға адам қастық –
Ақырзаман шегіне қадам бастық.
Үй қираса, үй саларсың орнына,
Аспанды қайта салып ала алмассың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter