Өлеңдер ✍️
БАЛЫҚТАР
Көксерке – Ақжайықтың əміршісі,
Оны да солай еткен тəңір күші.
Жолында ағып өткен сəуле қалып,
Балықтар басын иген үлкен-кіші.
Шынында ол – су астының найзағайы,
От болып жүрген жері, барған жайы.
Жүрегін жандырады сұлулардың,
Естіліп құмарлықтың жан айғайы.
Қара көз, бұраң дене, қызыл көйлек –
«Жасынан əлпештеген қызым ғой» деп,
«Сен ал!» – деп ұсынады балық біткен,
«Таңдайтын сендер емес, өзім ғой!» деп.
Паң сері, балық патша көлденең кеп
Тұрады, көз алдыңда көлбелеңдеп.
Билейді судың сұлу бикештері,
«Көңілдің бəйгесінен мен келем» деп.
Бір кезде өткір көзі тоқтай қалып,
Қадалар біреуіне оқтай барып.
Зу етіп дəл қасынан өте шығар,
Жөнелер нөкерлері доптай қағып.
Ішінен ақ пəуеске көресің тек
Бұлқынған ақ тортаның денесін тек.
Жебенің суылдаған желі еседі,
Атылған адырнаны кере сілтеп...
Содан соң Жайықты өрлеп екі ғашық,
Жүректің лапылдаған өртін басып,
Айқасып қанаттары – құшақтары,
Аунақшып, бауырласып, қолтықтасып.
Шашатын уылдырық күндер туып,
Ойласар ұрпақ қамын бірге тұрып.
Сол кезде түседі еске жүрген шағы
Су астын махаббатқа бір толтырып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter