Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  147


Автор: Ғафу Қайырбеков

КӨГЕРШІНДЕР

Күнде ертемен нан септім,
Қызықтадым сол сəтті.
Сөйте-сөйте дəндеттім
Көгершінді он шақты.
Тереземді азаннан
Тырсылдатып тұрғаны,
Келетіндей базардан
Көзге таныс бір жаны.
Қыстың көзі қырауда
Не мақұлық жансебіл,
Халы келмес сұрауға
Қалғандығын қанша өмір.
Сонда да бір жанталас –
Тіршілік үшін, нан үшін.
Өлдім десе, байқамас,
Жасы талап кəрісін.
Шетке қағып əлсізін,
Жейді ананың бұл асын,
Бұлардың да арсызын
Байқап, біліп тұрасың.
Түні бойы күзетіп,
Терезеге телмірген.
Башпайына сыз өтіп,
Өкпесіне жел кірген.
Бір көгершін жүдеу бас,
Шыдам, парыз өтеген.
«Енді оңаша жермін ас –
Тойып, толып бөтегем!»
Дегенінше, еңбегі
Тағы зая, қайтпайды,
Қайдан, қашан келгені
Белгісіздер қаптайды.
Астында қап бəрінің,
Жаншылады бүйірі,
Зордан тапқан нəрінің
Бұйырмай бір түйірі.
Бұрып еді бүйрегім,
Қалсыншы деп бүгін жеп.
«Бəрі осы-ау дүниенің»
Қала бердім күбірлеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу