Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  207


Автор: Ғафу Қайырбеков

Маржандай асыл сөзді айға айтушы ем...

«Маржандай асыл сөзді айға айтушы ем,
Көк бұлттан түскен жайдай жайнатушы ем,
Сəбидей жаңа туған хош иісті
Əлдилеп тіл ұшында ойнатушы ем» –
Деп ем мен бұдан жиырма жылдай бұрын
Жалтылдап тұрған шақта тудай жырым,
Басылып бара жатыр бірте-бірте
Бұл күнде сондай арқа, сондай жыным.
Бабым жоқ, бап табатын шеберім жоқ,
Бір шауып кетерім бар, келерім жоқ.
Аспан мен жерді қосқан қайран айқай,
Бұл күнде үндеуге де себебің жоқ.
Белгісіз болашағың бұлдыр сағым,
Таң атса, ойланды жұрт бір құрсағын,
Сенетін кісім де жоқ, ісім де жоқ, –
Шабылмай, қарап тұрып сынды сағым.
Оздырып ақындықтан əкімдікті,
Көрінді атқа қонған əркім мықты.
Күндейді əлі тірі жүргеніңді
Дегендей «қатарыңның бəрі бітті!»
Ойласаң, ойың тозар, жаның жүдеп,
Кешегі жал, құйрықтың бəрін күзеп,
Қоймайды уақыт деген қара қайшы,
Жалмайды намысың мен арыңды жеп.
Көресің, көресің де көз жұмасың,
Соларға қарауға жоқ ықыласың,
Іздейсің ескі күннің елестерін,
Тапқандай өтірікші өз куəсін..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу