Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  107


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТҰЗ БЕН СУ

Асқазанның шипасы,
Десіп, оған жұрт сенген,
Жүрем ылғи су тасып
Қасымдағы дүкеннен.
Ұлғайғанда қай мүше
Зəру емес ем-домға!
Деді маған бəйбіше:
– Тұз ала кел бір дорба.
Барған жұмыс өтеліп,
Қапшық толы тырсылдап,
Екі ауырды көтеріп
Келе жаттым мықшыңдап.
Тұз да ауыр, су да ауыр –
Ішетінің, жейтінің,
Сабақ екен бұл да бір
Кəдімгі өмір дейтұғын.
Ішіңде де, сыртыңда
Сол екеуі қабатың,
Көшсең ертең жұртыңда
Сол екеуі қалатын.
Сорладым, – деп жүресің,
Шөлдедім, – деп жүресің,
Осы екеуі алатын
Дүниедегі үлесің.
Осы екеудің өзі ғой
Сусының да, асың да.
Кейде сондай қызық ой
Келеді екен басыңа...
Барған жұмыс өтеліп,
Қапшық толып тырсылдап,
Екі ауырды көтеріп,
Келе жаттым мықшыңдап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу