Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  509


Автор: Ғафу Қайырбеков

ƏБЕКЕҢЕ

(Əбділда Тəжібаевтың
80 жасқа толуына)
Тарихтың əм куəсі, əм құрдасы –
Қазақтың сексен жасар Əбділдасы:
Өзінде – өнерінің ақ ордасы,
Өзінде – өлеңінің бар тұлғасы.
Қазына ұсталықпен ол сомдаған –
Бүгінгі жыр сарайы – том-томдаған,
Болса да əдебиет өз əкесі,
Халықтың қызметшісі томпаңдаған.
Үлгісін шын таланттың қартаймайтын
Көрсеткен тасқа басқан хаттан айқын,
Сексенде сері жаны əлі сергек,
Емес ол кəрі бүркіт бап таңдайтын.
Қылыштай қынабында жатпайтұғын,
Жарқылдап күндіз-түні таппай тыным,
Жүзінен қызыл-жасыл ұшқын ойнап,
Сілтесе қамалы жоқ шаппайтұғын.
Тартса да талай тағдыр тақсіретін,
Өмірді өкпелемей, ақ сүйетін,
Танытқан ер еңсегей тұлғасымен
Қазақтың қайсар емен қасиетін.
А, шүкір, аман жетті ол сексенге,
Шаршамай осынша ұзақ жол шеккенде.
Құдіретін талантының құздай биік
Көрмеген құдай болмаса, өлшеп пенде.
Бір өзі – таланттағы тірі мықтың.
Куəсі – үлкендіктің, іріліктің,
Көзінде қалады оның түр-тұлғасы
Бүгінгі тойға келген дүйім жұрттың..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу