Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  108


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАЯН-САПАР

(Інім Б. Əлімжановқа)
«Жұлдыздың» кенжетайы, сүйкімдісі,
Мың күнге азық болған бір күнгі ісі,
Жан-жағын дауылдатқан, дабыл қаққан
Келгенде қыранға ұқсап сілкінгісі.
Шабыттың шын перзенті, қол баласы,
Ежелгі жүйріктердің олжаласы.
Қызметке туған жерге шектің сапар,
Қолдасын жолдың пірі, жол данасы!
Көзіңде жарқыраған болашағың,
Алдыңда болар шағың, толар шағың, –
Қалықта аспан, жердің арасында,
Тұрмыста саз кешпесін толарсағың.
Рақмет «Жұлдызға» еткен еңбегіңе, –
Жұлдыздай шыға бер сен ел көгіне,
Оранып мауқыңды бас, бала қыран,
Көк майса Көкшетаудың жөргегіне!
Дананың данышпаны, ол да ағасы, –
Қазақтың ортасында мол бағасы,
Көкшеге қанат болып алып ұшсын
«Жұлдыздың» жырмен жазған жолдамасы.
Əрине, сендей жанды көз қия ма, –
Ұқсаған бойы биік боз қияға,
Махаббат, шапағатты қатар жинап,
Қайтарсың аман-есен өз ұяңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу