Өлеңдер ✍️
ҚАЛЖАННЫҢ АЛПЫС ЖАСЫНА
Ол кезде біз жас едік, отызда едік,
Өз отымыз аздай-ақ, от іздедік,
Əрқайсымыз жалаудай желбіредік,
Ойын-тойды өлеңсіз өткізбедік.
Сонда біздің ортада тудай шалқып,
Сын садағын шіреніп, ұдай тартып,
«Əкемізді танытып» тіліп сөйлеп,
Өз сөзіне өртеніп, өзі балқып
Тұратын бір бар еді ғажайып жан,
Жақсы менен жаманды тез айырған.
Өткір еді, кінəңді қақшып айтар,
Алтын сапты айнымас жез айырдан.
Білгір еді, қиялы кеткен алыс,
Жасамадық сынаса – текке намыс.
Жамандағаны жақсыдай көрінуші ед
Жетпегендей төбеміз көкке қарыс.
Əдебиет алауын үрлеуші едік,
Күншілдікті, қастықты білмеуші едік,
Қателесіп, тайғанап кетсек егер,
«Қалжан айтар, ол қаста жүр» – деуші едік.
Сендік оған əділет əулиесіндей, –
Жаны қатар құрбының жан жүйесіндей,
Бір сөз жазып, аяғын күтуші едік
Ол жоқ болса, – жыр жетім, əн жесірдей.
Мен сыншыны көп көрдім бұл тірлікте,
Бірі – сөйлем, біреуі – үтір, нүкте...
Мен сыншыны Қалжандай көрген үшін
Күнде келем тəубеге, шүкірлікке.
Ол заманда самғау да, өсу бөлек, –
Бағынбаған мақтауға досым демек,
Адал айтқан бір сөзге жығылушы ек,
Осы күні əдет бар қол сілтемек.
Ой ойлаушы ек айтысып өрелі кең,
Қалмайық деп Қалжанның беделінен.
Сынап-сынап алып бір, сыра ішуші ек,
Сол кездегі ақшаның көлемімен.
Айтып-айтпай не керек – қысқа жері,
Қалжан бізге құрдас еді, ұстаз еді.
Ол тұрмыста рақат кешпегенмен,
Ол дүниенің мағынасын ұстап еді!
Ол сын деген жанрды өгейлетпей, –
Туыстырып жіберген іш көйлектей,
Енді көрсең – сынасаң – жұрт безінер,
Қанша тоссаң исінбес ыс көнектей.
Қалжан, Қалжан, аяулы, саған бөлек,
Құрмет жасар, сенемін, заман келед,
Сол заманға бір сені жалғастырар
Ұрпақ керек, əрине, адам керек!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter