Өлеңдер ✍️
ҚАРА БАТЫР
(Қасым Қайсенов 70-те)
Жаратылыс қанша жомарт дегенмен,
Болмас түгел жаның, миың, денеңмен,
Сана саулық, дене саулық сəйкеспес,
Қанша мықтап бекітсең де шегеңмен.
Не данышпан арыз айтып тағдырға
Жылады да: «Тұра тұр, – деп, – аз жылға» –
Ол арызын тыңдата алмай аспанға,
Кірді барып қара жерге – қабырға.
Кешегі Отан соғысында не қыршын,
Жайсаң жігіт, жақсы қыздар бүлдіршін,
Не сүйе алмай, не күле алмай дұрыстап,
Төрт жыл бойғы төгілген қан, қырылыстың
Кете барды боздап, жылап ішінде...
Қырық жыл бойы соны көріп түсінде
Оянады Қасым атты партизан,
Мейлің оны түсін, қазір түсінбе!
Сондықтан да көп қой оның тəубəсі, –
Осы күнге жеткен аман-сау басы.
Бір күрсінсе оңашада отырып,
Шығар сыртқа көрген бейнет əммəсы.
Бала сүйді, дүние жиды біреудей,
Байлығы да болар үйге тіреудей –
Соның бəрі сол жылдарды ұмыттырмас
Миында оның қатып қалған сіреудей.
Сан құлаған көк ғарыштан шүйіліп,
Жау тылында найзағайға сүрініп,
Сан сағатта тұрды оның тағдыры
Парашюттың арқанына ілініп.
Сан жігіттің көк жалдарын басқарып,
Сан қиырға сан биіктен тасталып,
Тау Карпаттың тас кеуделі қыраны
Осы ғажап сорғалаудан жасқанып,
Қашып ұшты адам – бүркіт жолынан,
Сан өмірді азат еткен қолынан,
Отыр енді тұғырында маңқиып,
Жетпіс жасқа аман жеткен сол қыран.
Отыр сонау ер біткеннің ақыры, –
Күлкісі оның найзағайдың сатыры.
Парашютпен сексенде де секірсін,
Ел қазақтың еңіреген батыры.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter