Өлеңдер ✍️
ЖЫЛ ТОЛДЫ ЖОҚ БОЛҒАЛЫ ҒАЗИЗ АДАМ
(Ғ. Мүсіреповке ескерткіш)
«Туған жердің перзенті – өзім ағам» –
Деген сыйлап мақтаныш сөзді маған,
Тірлігімді тіреген алтын бақан, –
Дауысыңды естіп төбемнен тез құлаған,
Көз суымды тауысып көп жылағам.
Көп ауырған мертіккен арғымақтай,
Шаба-шаба сүрінер жолды бақпай,
Сен деп ұғып даланы көсілуші ем,
Зымыраушы ем, дүние-ай шаңды қаппай,
Қаңтарылған мезгілсіз қалдым аттай.
Бұл зарымды кім ұғар, бейнеттеніп,
Бұл көңілімді кім жуар сөйлеп беріп,
Енді сендей қасымда данышпан жоқ,
Ақылыңнан жұтатын шөлдеп келіп,
Тəттілігі тірліктің сен деп сеніп.
Отыз жылдай сүйенген ақ шынарым,
Байқамаппын бір күні шарт сынарын,
Жерде қалған бір жетім жапырақтай,
Тамырынан жоғалтқан жақсы нəрін,
Енді қазір желге айтқан ащы зарын.
Сап-сап көңілім, болды енді, боздама құр,
Босап алдың жетеді азғана бір!
Кірпігімде сүрленген ең соңғы жас
Сен де еріп түс, кідіре жазда да бір, –
Озған дəурен секілді озған өмір.
Қайран дүние шындықтан жалғаны көп, –
Біз де саған алаңсыз алданып ек,
Əттең, енді алдамай, құр сайрайсың:
«Ол жоқтығы – шындық боп қалғаны! – деп,
Сенсің соның арттағы арманы» – деп.
Жарар, жарар, – опаң да тұр сезілмей,
Мен қояйын бордайын құр езілмей, –
Болсам жақсы осынау арыстанның,
Басып кеткен ап-анық бір ізіндей,
Айтып кеткен ап-анық бір сөзіндей!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter