Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  135


Автор: Ғафу Қайырбеков

КАМАЛ АҒА

(Камал Қармысов 70-ке толғанда)
Таланттың жарқылдаған көк семсері, –
Өнердің өрт-топанын кешкен сері,
Ойнаған сахнада найзағайдай, –
Сағындым көрмей содан көптен сені!
Көтеріп əкетуші ең ел еңсесін,
Тигізбей көрерменнің жерге өкшесін, –
Тоздырып алақанын алуан топтың,
Аузына тығушы едің екі өкпесін.
«Па, шіркін, тусаң ту!» – деп қиқуласқан
Дауыстан жер жарылып, жыртылды аспан,
Көзіңде нелер заман дөңгеленіп,
Миыңда мың кейіпкер жиылыс ашқан.
Жадыңда жатыр сенің том-том кітап, –
Дүние шеберлері соққан мықтап,
Ойлайсың сен соларды сағат сайын,
Ойлайсың сен соларды жатсаң да ұйықтап.
Сен де бір алыстағы арман едің,
Жолымды жетектеген алға менің,
Қаллеки, Елағаң мен Сері ағаңның
Көзіндей, амансың ба, ардагерім!!
Қынынан қырық суырылған ақ алмасым,
Əлі де аруағың маған басым,
Білемін, жүз жасайсың бұл күйіңмен,
Білемін қарттық сені ала алмасын.
Айнымай жанған алау самаладан,
Жан-жағын ұрпақтары қамалаған,
Саңқылдап ашық даусың анадайдан
Алдымнан шыға берші, Камал-ағам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу