Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  144


Автор: Ғафу Қайырбеков

Баяғыда Алтайды –

Баяғыда Алтайды –
«Тұлпар баққан ел» – дейді.
Əр құлынды, əр тайды
Сары алтынға бермейді!
Деген аңыз естуші ем,
Бала күнде сонау бір.
Ержетсем де, ес білсем
Елестейтін сол ауыл.
«Жылқылы ауыл көп-ақ қой.
Тұлпарлы ауыл қайда бар?» –
Деп өзіңе сұрақ қой,
Сұрақ қой да ойға қал!
«Тұлпар жүрген мекенде
Ер жүреді қашанда», –
Деген нақыл бекер ме,
Құрық салмай асауға.
Үйде отырмас бабам-ай, –
Ескі дəстүр, көне жол...
Бар мен жоққа қарамай,
Ат баптайтын еді-ау ол!
Көрді көзім, сол Алтай
Əлі тұлпар сақтаған.
Бірі – сұп-сұр болаттай,
Бірі – күрең, ақ табан.
Бірі – қара сүліктей
Жарасқан ер-тұрманы,
Туламай да, үрікпей
Көзі ойнақшып тұрғаны.
Бəрі бəйге сағынған,
Құлақ тігіп дүбірге,
От шығады жалынан
Қарап тұрсаң іңірде.
«Алтай, Алтай, Алтай!» – деп,
Ұран салсаң болғаны,
Арда күрең, Арқар көк
Ат біткеннің аруағы.
Сонда келіп қозады,
Асқан судай арнадан,
Тұяқтардың тозаңы
Жер мен көкті жалғаған...
Не сорынан, бағынан,
Бас тігетін намысқа,
Сонда бəйге сағынам
Ер түсетін жарысқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу