Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
11.07.2022
86
Алтайдың бақытты екен Аралары
Алтайдың бақытты екен Аралары
Ызыңы соны айтады ауадағы.
Құлпырған көктем, жазда мыңдаған гүл
Таратқан тіршілікке дауа бəрі.
Нəр іздеп, қаңғырмайды шалғын қуып:
Тазартқан алқабында таңның жуып,
Шыға сап шырын тауып қарқ болған
Бəрі де босағада, бəрі – жуық.
Гүлдердің не патшасы, не төресі
Мас қылар иісімен ерте-кеші.
Шөптердің сабағынан сүт сорғалап,
Араның таңдай алмай кетеді есі.
Бал сасып, жатар балқып бүкіл аймақ,
Тауыспас жинап ешкім құтын айлап.
Жаз болса риздығын жаяды Алтай
Баурында мекендеген жұртын ойлап.
Табиғат даусыз жомарт, дана емес пе,
Тіршілік содан туған бала емес пе,
Ол бізді асыраса, біз де оны
Асырау керектігін салады еске...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter