Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  132


Автор: Ғафу Қайырбеков

Кешкісін «Алтыбақанда»

Кешкісін «Алтыбақанда»
Қыз бен жігіт теңескен,
Асықпай тербел, əн тыңда,
Манағы күй жоқ егескен.
Жұлдызы жиі қара аспан,
Еседі қалқып «сəулем-ай!» –
Құпия кешке жарасқан
Қазақтың ғашық əндері-ай!
Айтатындары кіл арман,
Бақытын таппай қолға ұстар,
Шыға алмай қалған құмардан,
Қосылмай кеткен байғұстар.
Əн болып қалған тек қана
Ұрпақтан ұрпақ үлескен.
Өкініштен өзге жоқ шара
Жалғызда көппен күрескен.
Биікте арқан бойымен,
Тербетсін құрбың, өрлетсін!
Сезімі бай да, ойы кең
Сонау бір жасқа не жетсін!
Қиналмай да, қымсынбай,
Ерінін тосып, төс керіп,
Бір көшенің бұрышында
Сүйсініп тұрған жас көріп. –
Қамыққан ақын, мұң батқан
Есінде қанша өкінді,
Махаббат деген жұмбақтан
Түк қалмаған секілді.
Қарайды ақын бұл шақта
Алтыбақан еркімен,
Жығыла жаздап құшаққа,
Ұялып қайта серпілген
Осынау əсем суретке –
Көңілі босап, балқып іш.
Аспан мен жердің арасы –
Бір-біріне тартылыс,
Бір-біріне талпыныс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу