Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  83


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚАРА ШƏЛІ

Тоқышы, жеңгем,
Тоқи бер, жеңгем,
Шəлісін қыздың
Мен үшін қымбат.
Қайғылы қайның
Махаббат жеңген
Жұбанар сонда
Жүрегін тыңдап.
Кім еді аты,
Қай күні еді,
Кеткені кеште
Шəлісін беріп?
Еркінен жаным
Айрылып еді,
Əйтеуір соған
Бір қарай беріп.
Тұңғиық көзі –
Түпсіз бір аспан,
Жалғыз-ақ рет
Қалды ғой қарап.
Кім еді менің
Ұйқымды ашқан,
Кім еді тұңғыш
Ұсынған шарап?
Емес пе ем сəби,
Сол күнім қайда,
Ұшты ма бастан
Зырылдап құсша?
Қалдым ғой қарап
Талпынып айға,
Дегендей: – соның
Ақ жүзін құшса!
Махаббат деген
Осы ма, жеңгем,
Айтпапсың бұрын,
Аядың ба əлде,
Айтсайшы енді,
Сонау қыз келген,
Келе ме тағы
Сол қара шəліге?
Тоқышы, жеңгем,
Тоқи бер, жеңгем,
Шəлісін қыздың
Мен үшін қымбат,
Қадірлі қайның
Махаббат жеңген,
Жұбанар сонда
Қыз үнін тыңдап.
Тоқыма шапшаң,
Қалмасын бітіп,
Қояды келмей
Сонан соң мұнда.
Өтсе де өмірім
Күн сайын күтіп,
Берем бе оның
Сағатын жылға?
Қайда екен қазір,
Отыр ол қайда,
Қай үйге нұрын,
Сəулесін шашып.
Жүрегім жара,
Батумен ойға,
Жүдеді жүзім,
Кетті ұйқым қашып.
Найзадай кірпік
Тағы да тағы
Қадалар ма екен
Кеудеме келіп,
Əлде аяр ма екен
Сынар – деп сағы,
Тəуекел – дер ем,
Бағымнан көріп.
Тоқышы, жеңгем,
Тоқи бер, жеңгем,
Тастама қолдан
Шəлісін қыздың.
Бақытты байтақ
Жүзінен көргем
Сол асыл жанның,
Сол асыл жүздің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу