Өлеңдер ✍️
МАХАББАТ І3І
Терезенің алдында тұрған кесе,
Көрді жұрт сырттан оны əлденеше,
Ай тұрды ол, жыл да тұрды сол орнында,
Емес тек бүгін ғана, əлде кеше.
Үңіліп ішіне оның тұрдым қарап,
Кесе ме əуелде бал құйған шарап,
Қағаздың жанған ескі күлі жатыр,
Ол емес таңдандырған мені бірақ.
Таңдандым бір ғажапты мен көрдім де,
Тұр тізіліп кесенің ернеуінде
Жалтыраған əріптер əп-əдемі
Ескерткіштей арналған бір өмірге.
Сонда менің көзіме келді елесі,
Күнəдан пəк сұлудың жас бейнесі.
Кесеге сап, хаттарды өртеп жатқан
Қалтыраған бір қолдың көлеңкесі.
Қағаз жанып, орнында күлі қапты,
Жанбапты əріп, баяндап махаббатты.
Оттан басым бір күштің құдіреті,
Жазуларды жалыннан қорғап қапты.
Əлдебіреу тозды – деп, – жас өмірім,
Жан қартайып, тоқталар жетті күнім, –
Деп өртеуге бекінді жардың хатын,
Өртенбепті ол, жарқырап, қағып күлім.
Тұр əлі сол бұрынғы жас шағындай,
Əріптері жаһұттың тастарындай.
Бір қара көз əлі тұр ішінде оның
Сыры түпсіз дүниенің аспанындай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter